Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ мен халықаралық TikTok платформасы кино, цифрлық контент және жас таланттарды қолдау салаларындағы ауқымды әріптестікті іске қосуға арналған стратегиялық кездесу өткізді.
Келіссөздердің басты мақсаты – киностудия фильмдерін цифрлық платформаларда ілгерілету, бірегей видеоконтент жасау, білім беру бастамаларын іске асыру және дамыту бағыттарын айқындау болды.
Тараптар TikTok форматтарын «Қазақфильмнің» маркетингтік стратегияларына енгізу мүмкіндігін талқылады. Бұл премьераларды серіктестік арқылы ілгерілету, ерекше контент шығару және платформаның тұрақты қолдау трафигін тарту сияқты бағыттарды қамтиды.
Қазақ киносының «Алтын қорын» қазіргі заманға бейімделген форматта ұсынатын арнайы арна құру идеясы ұсынылды. Жасанды интеллект пен цифрлық монтаждың көмегімен классикалық туындыларды жаңа аудиторияға жақындатуы мүмкін.
Сондай-ақ тараптар екі компанияның сарапшыларын тарта отырып, бірлескен білім беру бағдарламаларын, шеберлік сабақтарын және креативті зертханаларды әзірлеу жөнінде келісті. Ерекше назар – жас мамандардың сценаристік және режиссерлік әлеуетін дамытуға бағытталады.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ TikTok-ты аудиториямен диалог орнатудың және қазақ киноөнерін жаһандық деңгейде танымал етудің тиімді алаңы ретінде қарастырады. Бұл серіктестік – дәстүр мен цифрлық болашақтың үйлесімі десек болады.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының
Баспасөз қызметі