2000 жылдың 28 наурызында негізгі кино құрылымдар — Қазақ кинофабрикасы, Ұлттық продюсерлік орталық, Қазақкинопрокат және Мемлекеттік фильм қоры біріктіріліп, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылды.
Ал 2005 жылы студия акционерлік қоғам мәртебесін алды. Бұл реформалар жаңа инвестицияларға және мүмкіндіктерге жол ашты.
Осы кезеңнен бастап «Қазақфильм» жоғалтқан позицияларын қалпына келтіріп қана қоймай, халықаралық кинопроцестің белсенді қатысушысына айналды. Студия көркем, деректі және анимациялық жобаларды шығарады. Ерекше көңіл тарихи драмалар мен Қазақстанның ұлттық бірегейлігін ашатын фильмдерге бөлінеді.
2008 жылдан бері студияның 200-ден астам туындысы әлемнің 60 елінде өткен 220-дан астам халықаралық кинофестивальге қатысып, өнер көрсетті.
«Қазақфильм» шетелдік студиялармен, оның ішінде копродукция аясында белсенді ынтымақтастық орната отырып, жаңа бағыттарды дамытып келеді: сандық продакшн, архивтік материалдарды қалпына келтіру және жас режиссерлерді қолдау.
2024 жылы киностудия қазақстандық киноны халықаралық деңгейде ілгерілетуге айрықша назар аударды. «Операция Набат», «Авель», «Адемокиді оқыту» фильмдері Пусан халықаралық кинофестивалі, Канндағы MIPCOM, Лас-Вегастағы American Film Market және Амстердамдағы IDFA сияқты беделді фестивальдер мен контент нарықтарында ұсынылды.
«Қазақфильм» Чехия, Ресей, Литва, Әзербайжан, Тәжікстан және Аустрия сияқты елдерде Қазақстан киносы күндерін ұйымдастырып, мәдени дипломатия мен ұлттық кинематографияны насихаттауға үлес қосты.
Сондай-ақ студия салалық форумдар мен конгрестерге белсенді қатысып, серіктестік байланыстарды нығайтып, бірлескен өндіріс үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.
Елімізде «Қазақфильм» мәдени бастамаларды дамытып, мектеп оқушыларына арналған экскурсиялар ұйымдастырады, әлеуметтік және инклюзивті жобаларды қолдайды, қазақ киносының көрнекті тұлғаларының есімдерін ұрпақ жадында сақтауға үлес қосып келеді.
Бүгінде «Қазақфильм» — ұлттық киноның символы ғана емес, сонымен бірге жаһандық кинематографиялық кеңістікке интеграцияланған заманауи өндірістік орталық.