Іс-шараға қатысушылар: Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Қарібжанова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алишер Абдыкадыров, Алматы Менеджмент Университетінің ректоры Гүлнар Күренкеева, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, Cintana education компаниясының басшылары Рик Шэнгроу мен Чари Барчиоглу, сондай-ақ еліміздің танымал кинематографистері: режиссер Хуат Ахметов, актриса Гүлнара Дусматова, актерлер Ерболат Тогузаков, Жандос Айбасов, Ерден Телемисов, каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнгожинов және киностудия мен Кино мектебінің ұжымы қатысты.
«Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов мерекелік шараға қатыса алмауына байланысты бейнежолдау жазып, барша қауымды Кино мектебінің ашылуымен құттықтады.
– Баршаңызды осы маңызды оқиғамен құттықтаймын! Бұл – жаңа Қазақстанның дамуына үлкен үлес. Әсіресе, өз тағдырларын өнермен байланыстырған Кино мектебінің студенттерін құттықтағым келеді. Олардың алдағы уақытта жоғары деңгейлі маман болатынына сенімдімін, өйткені мүмкіндіктеріңіз мол. Сіздер үшін қатты қуаныштымын! Жақын арада студенттермен кездесіп, міндетті түрде шеберлік сабағын өткіземін, – деді мэтр.
Айта кетейік, AlmaU Медиа және кино мектебі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолжетімді және сапалы білім беру, кадрлардың біліктілігін арттыру және кинематография саласында сұранысқа ие жаңа мамандықтар бойынша құзыреттіліктерді қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында 2021 жылы құрылған. Қазіргі таңда Кино мектебінің студенттері үш негізгі білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда: «Цифрлық кинопроизводство» (Digital Filmmaking), «Жаңа медиа» (New Media) және «Қоғаммен байланыс» (Public Relations).