Киностудия туралы ∘
ЖАҢАЛЫҚТАР

Ыстанбұлда Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық симпозиум өтті




05.11.2026
Түркияның Ыстанбұл қаласында «Қорқыт Ата» түркі әлемінің халықаралық кинофестивалі аясында Ыстанбұл университетінің ұйымдастыруымен I Халықаралық «Қорқыт Ата» түркі әлемі кино симпозиумы өтті.
Халықаралық іс-шараның негізгі тақырыптарының бірі қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналды. Симпозиум барысында режиссердің шығармашылық мұрасы, қазақ кинематографиясының дамуына қосқан үлесі және оның туындыларының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы талқыланды.
Абдолла Қарсақбаев – қазақ балалар киносының дамуына елеулі үлес қосқан режиссерлердің бірі. Оның шығармалары шынайылығымен, ұлттық болмысты терең бейнелеуімен және балалар әлемін ерекше көркемдік тәсілмен жеткізуімен ерекшеленеді. Режиссердің фильмдері бірнеше буын көрерменінің сүйікті туындыларына айналып, қазақ киносының алтын қорынан берік орын алды.
Симпозиум аясында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясының алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильмінің реставрацияланған нұсқасы көрсетілді. Кинокартина қазақ тілінде, түрікше субтитрлермен ұсынылып, халықаралық көрерменге қазақ киносының классикалық туындысымен танысуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясының өкілдері де қатысты. Киностудияның баспасөз хатшысы Надира Садуова «Абдолла Қарсақбаев және оның кейіпкерлерінің әлемі» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында режиссердің шығармашылық жолы, фильмдеріндегі көркемдік ерекшеліктер, балалар бейнесін экранда ашудағы шеберлігі және оның туындыларының бірнеше буын көрермені үшін маңызы сөз болды. Сондай-ақ Абдолла Қарсақбаевтың қазақ киносының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.
Халықаралық симпозиум түркі әлеміне ортақ кинематографиялық мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және шығармашылық байланыстарды нығайту үшін маңызды алаңға айналды.
Мұндай халықаралық бастамалар қазақ киносының бай мұрасын шетелдік аудиторияға таныстыруға, ұлттық кинематография тарихын кеңінен насихаттауға және түркі елдері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қараңыз
Новость 1
01.01.2025
ТОЛЫҒЫРАҚ
01.01.2025
Новость 2
ТОЛЫҒЫРАҚ
Новость 3
01.01.2025
ТОЛЫҒЫРАҚ
01.01.2025
Новость 4
ТОЛЫҒЫРАҚ