2026 жылғы 11–12 қарашада Германия астанасы Берлин қаласында Қазақстан киносының күндері өтті. Мәдени іс-шара аясында неміс көрермендеріне «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» және «Жерұйық» көркем фильмдері ұсынылды.
Қазақстан киносының күндері отандық кинематографияны халықаралық деңгейде таныстыруға, ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттауға, сондай-ақ Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталды.
11 қарашада өткен салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Баймолдаұлы Онжанов құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытудағы кино өнерінің маңызын атап өтті.
Іс-шараның алғашқы күні режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» тарихи көркем фильмі көрсетілді. Көрсетілім алдында режиссер көрермендермен жүздесіп, туындының тарихи негізі мен шығармашылық ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Фильм аяқталғаннан кейін сұрақ-жауап форматында кездесу ұйымдастырылып, қатысушылар режиссермен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясының атынан іс-шараға киноөндіріс және дубляж бөлімінің бас маманы Ботагөз Мерекеқызы Аймамбетова қатысты. Ол ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, қазақстандық кинематографияны халықаралық аудиторияға таныстырудың және мәдени байланыстарды кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесудің модераторы Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Алмасбек Жұмаділов болды.
12 қарашада Қазақстан киносының күндері «Жерұйық» көркем фильмінің көрсетілімімен жалғасты. Туынды арқылы көрермендер қазақ халқының тарихы, адам тағдыры, рухани құндылықтары мен тарихи жады тақырыптарын қамтитын отандық кино өнерінің тағы бір үлгісімен танысты.
Көрсетілімдерге жергілікті тұрғындар, қазақстандық және шетелдік студенттер, іскерлік орта өкілдері, Германиядағы кинорежиссерлер мен қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
Барлық көрсетілімдер Берлиндегі CineStar Berlin – CUBIX at Alexanderplatz кинотеатрында ұйымдастырылды.
Берлинде өткен Қазақстан киносының күндері отандық фильмдерді шетелдік көрермендерге таныстыруға, халықаралық шығармашылық байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді.