«Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев қонақтарды құттықтап, қазақстандық картинаның әлемдік премьерасы Токиодағы кинофестивальде өткенін атап өтті, сол фестивальде Дарежан Өмірбаев «Үздік режиссер» жүлдесіне ие болды. Ол сондай-ақ фильмнің жақында өткен Берлин халықаралық кинофестивалінің «Форум» бағдарламасында көрсетілгенін айтты.
Еске сала кетейік, «Ақын» фильмі заманауи технологиялар мен жаппай тұтынушылық қоғамдағы өнердің орны туралы мәселені көтереді және поэзия ешкімді толғандырмайтын ортада өмір сүріп жатқан ақынның ішкі сезімдерін баяндайды. Фильмнің бас кейіпкері XIX ғасырдағы көтерілісші-ақын Махамбет Өтемісұлының қайғылы тағдыры туралы ой толғай отырып, ақынның өмірі әрдайым қиын әрі нәзік болғанын түсініп, терең тебіреніске түседі.
– Бұл фильмнің сценарийін жазу идеясы Герман Гессенің «Авторлық кеш» атты әңгімесін оқыған кезде пайда болды. Сценарийдің екінші сюжет желісі, аты аңызға айналған қазақ ақыны Махамбет Өтемісұлының өмірі мен өліміне қатысты құжатты материалдар жинақталған кітап қолыма түскеннен кейін дүниеге келді. Осы екі әсердің тоғысуынан біздің фильміміз пайда болды, – деді режиссер Дарежан Өмірбаев.
Фильмнің басты рөлін «Жігіттер» тобының солисі Ердос Канаев сомдады. Ол жиырма жыл бойы квартет құрамында әнші ретінде өнер көрсетіп келсе де, бүгін алғаш рет кино актері ретінде көрермен алдына шыққанын айтты.
– Бастапқыда бұл рөлге басқа актер бекітілген болатын. Кейін карантин кезінде кастинг-директор Ердос Канаевтың кандидатурасын ұсынды. Біз видеобайқау өткіздік те, ақыры онымен жұмыс істейміз деп шештік. Біз Ердості оның әнші болғандығынан емес, оның шығармашылық тұлға, ішкі музыкалық сезімі жоғары адам болғандықтан таңдадық. Оның осы қасиеті көптеген көріністерде үлкен көмек болды, – деді режиссер.
Сонымен қатар Дарежан Өмірбаев фильм жақын арада көптеген беделді әлемдік кинофестивальдерде көрсетілетінін атап өтті.
Айта кетейік, фильмнің жұмысы 2020 жылы басталған болатын. Түсірілім Алматы қаласы мен Алматы облысында, сондай-ақ Атырау облысындағы ақын Махамбет Өтемісұлы жерленген кесененің маңында өтті.
Еске сала кетсек, фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-мен ҚР Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қатысуымен түсірілді.