"Қазақфильм" киностудиясында Ресей Мемлекеттік фильм қорында сақталған фильмдерді цифрландыру және қалпына келтіру жөніндегі Сараптамалық комиссияның отырысы өтті. Жоба "Отандық алтын мұрағат" бағдарламасы аясында іске асырылуда.
Отырысқа танымал кинематографистер, оның ішінде режиссер Болат Қалымбетов, актриса Жанна Қуанышева, продюсер Олжабай Мусағбеков, кинодраматург Нұрлан Санжар, «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Бекболат Шекеров, режиссер-документалист, өнертанушы Ерлан Төлеутай, киновед Гүлзат Көбек және басқа да мамандар қатысты.
Zoom арқылы режиссер Сламбек Тауекел, киноведтер Назира Мұқушева, Инна Смаилова және Баубек Нөгербек сынды әріптестері қосылды.
Отырысқа қатысушылар осы мәселе бойынша өз ұсыныстарын енгізіп, қорда кинопленкада сақталатын фильмдердің тізбесін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы 4 жылда цифрландыру және қалпына келтіру қажет 20 фильм іріктелді. Олардың арасында Шәкен Айманов, Сұлтан Ходжиков, Мәжит Бегалин, Абдулла Қарсақбаев, Шәріп Бейсембаев сияқты қазақ киносының классиктерінің шығармалары бар. Ағымдағы жылы "Қазақфильм" киностудиясы "Отандық алтын мұрағат" жобасы аясында 5 көркем фильмнің бастапқы материалдарын сатып алуды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, КСРО кезеңінде Кеңес Одағы республикаларында түсірілген фильмдердің бастапқы материалдары кино өндірісінің белгіленген алгоритміне сәйкес сақтауға Ресей Мемлекеттік Фильм Қорына берілді . Бүгінгі таңда мемлекеттік фильм қоры кеңес дәуірінде шығарылған 350-ден астам көркем, деректі және анимациялық фильмдерді сақтайды.