Шара «Minato Park Shibaura» мәдени орталығында ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Ашылу салтанатында Елшілік өкілдері сөз сөйлеп, Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени байланысты нығайтуда кино өнерінің рөлі ерекше екені атап өтілді.
Көрсетілімдердің негізгі алаңы ретінде «Minato Park Shibaura» кинозалы таңдалып, жапондық көрермендерге қазақ киносының үш толықметражды картинасы ұсынылды.
18 қараша күні алғаш болып режиссер Рүстем Әбдрашевтің «Қазақ хандығы: Алтын тақ» тарихи туындысы көрсетілді. XV ғасырдағы Қазақ хандығының құрылу кезеңін көркем бейнелейтін бұл фильмде Керей мен Жәнібек сұлтандардың елдік пен еркіндік жолындағы күресі суреттеледі. Ашылу көрсетіліміне 200-ден астам көрермен қатысты.
Келесі күні, 19 қарашада, Ақан Сатаевтың «Ұлы дала таңы» фильмі ұсынылды. Картинаның оқиғасы Қасым хан дәуірін, Қазақ хандығының күшеюін және «Қасқа жол» заңдарының қалыптасуын қамтиды. Бұл көрсетілімге 175 көрермен жиналды.
20 қарашада Айдын Сахаманның «Дос-Мұқасан» көркем фильмі көрсетілді. 1967 жылы студенттік құрылыс сапары барысында басталған «Дос-Мұқасан» ансамблінің қалыптасу тарихын баяндайтын фильм жапондық аудиторияға ерекше әсер қалдырды. Осы көрсетілімді 200 адам тамашалады.
Әр фильмнен кейін көрермендермен бейресми пікір алмасу өтті. Жапондық аудитория қазақ киносының тарихи желісі мен музыкалық мұрасына айрықша қызығушылық танытып, ұсынылған туындыларға жылы ықылас білдірді.
күндік іс-шара барысында жалпы 575 көрермен қатысып, қазақ киносына деген шынайы қызығушылық байқалды. «Қазақ киносы күндері» Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды және алдағы бірлескен жобаларға жаңа серпін берді.