Киноөндірістің алғашқы қадамдарын жасап жүрген жас авторлар үшін бұл шара – кәсіби ортада таныстырылым жасап, өз идеяларын ашық білдіруге және пікір алмасуға үлкен мүмкіндік болды.
Питчингке барлығы 9 жоба қатысты. Қатысушылардың ұсынған идеялары жан-жақты және қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптарды қамтыды. Жобаларда балалардың ішкі әлемі мен сезімдері, өзін-өзі табу, отбасылық қарым-қатынас, әлеуметтік әділетсіздік, тіпті гастрономиялық мәдениет мәселелері де көрініс тапты.
Питчингті бағалаған қазылар алқасының құрамында киноиндустрия өкілдері мен тәжірибелі мамандар болды. Олардың қатарында «Қазақфильм» киностудиясының өндірістік бөлімінің маманы Надира Сәдуақасова да бар. Ол жас киногерлердің тың көзқарасы мен шығармашылық еркіндігіне оң баға беріп, олардың жобаларының болашақта толыққанды көркем фильмге айналуына үлкен үміт артатынын атап өтті.
«Қазақ киносының болашағы – осындай батыл әрі шынайы тақырыптарға барып, жаңа тіл таба алатын жас режиссерлердің қолында. Бұл жобалар тек фестиваль деңгейінде ғана емес, үлкен экранға шығуға лайық», – деді Надира Сәдуақасова.
Айта кетейік, «Мечтатели» фестивалі жас буынды киноөндіріс пен өнерге баулуға бағытталған маңызды мәдени алаң болып саналады. Ал «Қазақфильм» киностудиясы мұндай бастамаларға үнемі қолдау білдіре отырып, шығармашылық жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру ісінде белсенді атсалысуда.