Қытайдың Чунцин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің халықаралық кинофестивалінде Рашид Сүлейменовтың «Набат операциясы» көркем фильмі «Үздік актер» аталымын жеңіп алды. Бұл мәртебелі марапат фильмдегі басты рөлді сомдаған талантты актер Бахыт Қажыбайдың шеберлігі мен ұлттық киноөндірістің кәсібилігіне берілген зор баға болды.
Фестиваль аясында Қазақстан атынан қатысқан 12 адамнан құралған делегация ерекше белсенділік танытып, халықаралық қатысушылардың ықыласына бөленді. Делегация құрамында режиссерлер, продюсерлер, актерлер мен кинотанушылар болды. Олар Чунцинде өткен фестиваль шеңберінде өткен түрлі шеберлік сабақтары мен пікірталас алаңдарына қатысып, Қазақстан киносының қазіргі дамуы жайлы кеңінен таныстырды.
«Набат операциясы» – ұлттық қауіпсіздік, ар-намыс пен азаматтық жауапкершілік тақырыбын қозғайтын драмалық туынды. Фильмнің көркемдік деңгейі мен актерлік ойыны қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Бүгін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жеңімпаз актер Бақыт Қажыбайды әріптестері мен шығармашылық ұжымы зор қошеметпен қарсы алды.
Айдар Омаров, «Қазақфильм» киностудиясының президенті міндетін атқарушы:
«Чунцинде өткен фестивальде Бахыт Қажыбайдың жеңіске жетуі – бұл тек актерлік шеберліктің көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге отандық киноиндустрияның даму бағытының дұрыстығын дәлелдейтін нәтиже. Бұл — Қазақстан киносының халықаралық сахнада өз орны бар екенін көрсететін үлкен жетістік. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды жалғастырып, жаңа есімдерді әлемге танытуға күш саламыз», — деп атап өтті.
Қазақфильм ұжымы жеңімпаз актер мен бүкіл делегацияны құттықтап, алдағы шығармашылық жолда табыс тіледі. Бұл жеңіс — тек бастамасы ғана.