12 қыркүйек – Қазақстан киносы күніне орай Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының аумағында Жұлдыздар аллеясында ұлттық кинематографияның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті өнер қайраткерлеріне арналған естелік жұлдыздардың салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Ескерткіш жұлдыздары ашылған көрнекті кино қайраткерлерінің қатарында:
Әзірбайжан Мәмбетов — театр және кино режиссері;
Сламбек Тәуекел — режиссер, продюсер;
Нұрлан Сегізбаев — актер, сценарист;
Бауыржан Нөгербек — кинотанушы, киносыншы, педагог;
Болат Сүлеев — кинооператор;
Виктор Чугунов — режиссер;
Мұрат Нұғманов — кинооператор, продюсер;
Әлім Сабитов — қоюшы-суретші.
Аталған тұлғалардың шығармашылық және кәсіби жолы қазақ киносының қалыптасуы мен дамуының маңызды кезеңдерімен тығыз байланысты. Олар режиссура, операторлық өнер, актерлік шеберлік, кинотану және көркемдік безендіру салаларына елеулі үлес қосты.
Жаңа ескерткіш жұлдыздардың ашылуы – кино қайраткерлерінің шығармашылық мұрасына көрсетілген құрмет әрі олардың есімдерін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды қадамы.
«Қазақфильм» Жұлдыздар аллеясы – ұлттық киноға еңбегі сіңген тұлғаларға деген халықтың құрметі мен ризашылығын білдіретін ерекше орын. Мұндағы әр есім – қазақ киносының тарихындағы белгілі бір кезеңнің, шығармашылық ізденістің және кәсіби шеберліктің көрінісі.