Киностудия туралы ∘
ЖАҢАЛЫҚТАР



12.09.2026

АЛМАТЫДА ҚАЗАҚ КИНОСЫ КҮНІНЕ ОРАЙ АБДОЛЛА ҚАРСАҚБАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМА ӨТТІ

12 қыркүйек – Қазақ киносы күніне орай Алматыда көрнекті қазақстандық режиссер, отандық кинематографияның дамуына елеулі үлес қосқан Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған арнайы бағдарлама өтті.
Мерейтойлық бағдарлама кітап графикасы көрмесі мен «Менің атым Қожа» фильмінің арнайы көрсетілімін біріктіріп, қазақ мәдениетінің ең танымал кейіпкерлерінің бірі – Қожаның тарихына жаңа қырынан үңілуге мүмкіндік берді.
Esentai Mall-дағы Shahar Gallery-де Бердібек Соқпақбаевтың «Меня зовут Кожа» повесінің 1964 жылы «ДЕТГИЗ» баспасынан жарық көрген Мәскеу басылымына арнап М. Фролова-Багреева салған түпнұсқа графикалық жұмыстарының көрмесі ашылды.
Бұл жұмыстар Қожаның көркем бейнесінің қалыптасу тарихындағы өзіндік бастау нүктесіне айналды. Кітап беттерінде суретші сомдаған әдеби кейіпкер араға бірнеше жыл салып, Абдолла Қарсақбаевтың «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Менің атым Қожа» фильмінде экрандық бейнеге айналды.
Осылайша, бір оқиға арқылы өнердің бір-бірімен сабақтас үш бағыты — әдебиет, кітап графикасы және кино тоғысты. Көрме кейіпкер бейнесінің қағаз бетіндегі алғашқы сызықтары мен сұлбасынан бастап, бірнеше буын көрерменіне таныс экрандық кейіпкерге дейінгі қалыптасу жолын зерделеуге мүмкіндік берді.
Экспозицияда ұсынылған графикалық жұмыстар арқылы кейіпкерлердің сыртқы бейнесімен қатар, шығарманың өзіндік көңіл күйін де сезінуге болады. Мұнда кітап иллюстрациясы мен кино кадры өзара жалғасып, бір көркем бейненің өнердің бір түрінен екіншісіне ауыса отырып, өзінің болмысын және эмоционалдық әсерін сақтай алатынын көрсетеді.
Көрменің кураторы — суретші-сценограф, өнер зерттеушісі Рамина Дембаева.
Жоба Shahar Gallery x KINOPARK 11 IMAX Esentai — кинотеатр кеңістігіндегі кино мен визуалды өнердің басқа да түрлері: графика, кескіндеме, фотография және архивтік материалдар арасындағы диалогты қалыптастыруға арналған жаңа арт-алаңның алғашқы іс-шарасы болды.
Бағдарламаның жалғасы ретінде Esentai Kinopark-та «Менің атым Қожа» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың картинасы өз дәуірінің шеңберінен әлдеқашан шығып, бірнеше буынның мәдени жадында сақталған туындыға айналды.
Қожаның мінезі, балалық қателіктері, жақсы болуға деген ұмтылысы және өмірдегі өз орнын табуға деген талпынысы бүгінгі көрерменге де жақын. Абдолла Қарсақбаев кинематографиясының ерекшеліктерінің бірі де осында — режиссер әр адамға түсінікті қарапайым сезімдерді жеткізе отырып, олардың мәнін ондаған жылдар өтсе де сақтай білді.
Мерейтойлық бағдарламаның жалғасы ретінде Esentai Kinopark-та «Менің атым Қожа» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде түсірілген Абдолла Қарсақбаевтың картинасы қазақ киносының ең танымал туындыларының біріне айналған. Тентек әрі шынайы Қожаның арманы, қателіктері және жақсы болуға деген ұмтылысы туралы оқиға өз дәуірінің шеңберінен шығып, бірнеше буын көрерменінің жүрегінен орын алып келеді.
Мерейтойлық бағдарлама Алматы қаласымен ғана шектелмейді. 12–17 қыркүйек аралығында Астана, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда және Ақтау қалаларындағы Kinopark желісінің кинотеатрларында Абдолла Қарсақбаевтың фильмдері тегін көрсетіледі. Бағдарламаға «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шаққа саяхат» және «Қилы кезең» фильмдері енгізілген.
Жоба «Қазақстан киносының апталығы» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ-ның және QazArtConsult-тың қатысуымен жүзеге асырылады.
Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы – режиссердің шығармашылық мұрасына қайта үңіліп, қазақ киносының тарихында өзіндік орны бар, уақыт сынынан өткен туындыларын бүгінгі көрерменге қайта ұсынуға мүмкіндік беретін маңызды жыл.

Сондай-ақ қараңыз
Новость 1
01.01.2025
ТОЛЫҒЫРАҚ
01.01.2025
Новость 2
ТОЛЫҒЫРАҚ
Новость 3
01.01.2025
ТОЛЫҒЫРАҚ
01.01.2025
Новость 4
ТОЛЫҒЫРАҚ