Ыстанбұлдағы Қазақ киносы күндері жалғысып жатыр

13.12.2025

Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан қазақ киносы күндері аясындағы екінші күн түрік жұртшылығы мен қазақ диаспорасы үшін нағыз мәдени мерекеге айналды.

Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан Қазақ киносы күндері аясындағы екінші күні бауырлас елдің төрінде қазақ киносының үздік туындылары көрсетіліп, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа белестері талқыланды.
Бұл күні көрермен назарына екі бірдей ауқымды туынды – «Әмре» және «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмдері ұсынылды. Көрсетілімге түрік қоғамының бетке ұстар тұлғалары мен ресми өкілдері қатысып, қазақ өнеріне зор құрмет білдірді.
Атап айтқанда, іс-шараға Фатих ауданының әкімі Эргюн Туран мен қазақтар тығыз қоныстанған Зейтинбурну ауданының әкімі, Ыстанбұл губернаторы арнайы келіп, қазақ киносына қолдау көрсетті. Кеш соңында Ыстанбұл қаласындағы ҚР Бас консулы Нуриддин Аманқұл мен аудан әкімдері құттықтау сөз сөйлеп, бұл бастаманың екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы стратегиялық маңызына тоқталды.
Кештің ең жарқын сәттерінің бірі – «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмінің режиссері Рүстем Әбдірашевпен болған кездесу. Режиссер сұрақ-жауап форматында фильмнің идеясы, тарихи негіздері мен түсірілім барысы туралы қызықты деректермен бөлісті.
Іс-шараға «Qazaqstan» телеарнасының өкілдері мен жергілікті түрік БАҚ-тары қатысып, арнайы репортаждар дайындады. Көрермендер қауымы, соның ішінде Ыстанбұлдағы Абай Құнанбаев атындағы Анадолу лицейінің оқушылары фильмдерден алған әсерлерімен бөлісіп, режиссер Рүстем Әбдірашев пен актриса Мәдина Есмановамен естелік суретке түсті.
Кино күндері тек көрсетіліммен шектелмей, іскерлік алаңға айналды. Көрсетілімдерге Түркияның жетекші дистрибуциялық компанияларының өкілдері, продакшн студияларының басшылары мен Мимар Синан атындағы Өнер университетінің мамандары қатысты.
«Қазақфильм» киностудиясының өкілдері түрік әріптестерімен мазмұнды келіссөздер жүргізіп, қазақ киносының халықаралық нарықтағы әлеуетін және болашақ бірлескен жобаларды (ко-продукция) талқылады. Кездесу соңында серіктестерге киностудия атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Қазақ киносының күндері Ыстанбұлдың мәдени өміріне жаңа серпін беріп, халқымыздың бай тарихы мен рухани мұрасын халықаралық деңгейде танытуға зор үлес қосты.
Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған Ыстанбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығына және ұйымдастыру жұмыстарына жан-жақты атсалысқан «Бірлік» қазақ студенттер бірлестігіне терең алғысын білдіреді.
Сондай-ақ қараңыз
Новость 1
01.01.2025
ТОЛЫҒЫРАҚ
01.01.2025
Новость 2
ТОЛЫҒЫРАҚ
Новость 3
01.01.2025
ТОЛЫҒЫРАҚ
01.01.2025
Новость 4
ТОЛЫҒЫРАҚ