Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығы ұйымдастырған бұл шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының қолдауымен жүзеге асты.
Бұл күндері Жерорта теңізінің жағалауында қазақ рухы асқақтап, ұлттық кинематографияның үздік туындылары түрік ағайын мен отандастарымыздың жүрегіне жол тартты.
Іс-шара аясында көрермен назарына мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары үш бірдей фильм ұсынылды:
• «Ұлы дала таңы» - Қазақ хандығының айбынын асқақтатқан тарихи драма.
• «Жерұйық» - Қазақ топырағының қонақжайлылығы мен мейірімділігін суреттейтін, тағдыр тәлкегімен келген түрлі ұлт өкілдерінің бауырластығы туралы сыр шертетін асыл туынды.
• «Қайтадан» - Заманауи кино тілімен өрнектелген, фильм-трагедия.
Фильмдерді көрермен қауым ерекше жылы қабылдады. Әсіресе, «Ұлы дала таңы» фильмінен кейін залдағы көпшілік көзіне жас алып, ерекше тебіреністе болды. Көрсетілімнен соң көрермендер жас Қасым ханның рөлін сомдаған актер Данияр Оразайға арнайы келіп, шынайы ризашылықтарын білдірді.
Мәдениет мерекесіне Анталия қаласы әкімінің орынбасары Мұстафа Хулуси Арат, музей директоры Огузхан Жейлан, қазақ диаспорасының өкілдері, студенттер мен зиялы қауым қатысты.
Кино күндері аясында ірі ақпарат агенттіктеріне сұхбаттар беріліп, халықаралық медиа ұйым өкілдерімен болашақ жобалар бойынша келіссөздер жүргізілді. Шара соңында құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар табысталып, кітапхана қорына қазақ киносының тарихын баяндайтын құнды екі басылым сыйға тартылды.
«Қазақфильм» ұлттық киностудиясы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығына, барлық дипломаттарға, музей директоры Огузхан Жейланға және белсенділік танытқан «Хассак» студенттік бірлестігіне терең алғысын білдіреді.
Анталия төрінде өткен бұл мереке - қазақ киносының әлемдік деңгейдегі тағы бір сәтті қадамы.