«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі алғаш рет гик-мәдениеттің ең ірі фестивалі Comic Con Astana 2026 фестиваліне қатысып, жанкүйерлерге отандық анимацияның жаңа жобалары мен кейіпкерлерін таныстырды.
Фестивальдегі «Авторлар аллеясында» орналасқан стендте қонақтар назарына қазақ анимациясының танымал кейіпкерлері бейнеленген арнайы мерчтер ұсынылды. Сондай-ақ, «Қазақанимация» мамандары арнайы шеберлік сабағын да өткізді. Көрермендермен лық толы залда өткен кездесуде көркемдік жетекші Тимур Құлмаханов кейіпкерлер мен локацияларды жасау барысының қызықты қырларымен бөлісіп, 2025 жылы жарық көрген жобалардан мысалдар көрсетті. Ал жетекші маман Айнұр Исаева «Қазақанимацияның» шығармашылық жұмысы, ішкі тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарлары мен маңызды жаңалықтары туралы баяндады. Шеберлік сабағына қатысушылар белсенділік танытып, анимация жасау үдерісіне қатысты сұрақтарын қойып, салаға қатысты қызығушылықтарын көрсетті.
Фестиваль «Қазақанимация» үшін жасөспірімдер аудиториясымен байланыс орнатып, олардың қолдауына ие болып қана қоймай, отандық анимацияны кеңінен танытуға мүмкіндік берген маңызды алаң болды.
«Қазақанимация» келесі жылы Comic Con Astana фестиваліне бұдан да ауқымды жобаларымен және жаңа мерчтермен оралуды жоспарлап отыр.