О киностудии ∘
НОВОСТИ

Қазақ өнерінің аңызы Асанәлі Әшімов өмірден өтті

21.12.2025
Алатаудай алып тұлғаның жарқын бейнесі, оның өнерге деген шексіз махаббаты мен ерен еңбегі біздің жүрегімізде және келер ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының ұжымы қазақ өнерінің заңғар тұлғасы, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімұлы Әшімовтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, жақындарына және барша қазақ халқына қайғырып көңіл айтады.
Асанәлі Әшімұлы - қазақ мәдениеті мен өнерінің тұтас бір дәуірін қалыптастырған, ұлттық рухты асқақтатқан біртуар шебер. Оның өмір жолы мен шығармашылығы - адалдықтың, парасаттылықтың және кәсіби шеберліктің шынайы үлгісі.
Асанәлі Әшімов қазақ киносының «алтын ғасырын» жасаушылардың бірі болды. Оның «Атаманның ақыры» мен «Транссібір экспресіндегі» Шәдияров рөлі, «Қыз Жібектегі» Бекежаны мен өзге де сан қырлы бейнелері әлемдік деңгейдегі классикаға айналды. Ол сомдаған әрбір рөл - ұлттық мінездің көрінісі, экрандағы ақиқаттың айнасы еді.
Кемеңгер режиссер және Ұлы ұстаз
Ол тек актер ғана емес, сонымен бірге терең ойлы режиссер және парасатты ұстаз болды. Театр мен кино саласында бірнеше буын талантты шәкірттерді тәрбиелеп, қазақ өнерінің болашағына жол ашты. Оның басшылығымен М. Әуезов атындағы театр жаңа биіктерге көтеріліп, әлемдік сахналарда мойындалды.
Асанәлі Әшімұлының өмірден өтуі - қазақ руханияты үшін орны толмас зор шығын. Алатаудай алып тұлғаның жарқын бейнесі, оның өнерге деген шексіз махаббаты мен ерен еңбегі біздің жүрегімізде және келер ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.
Артында өшпес мұра қалдырған абыз ақсақалдың жаны жәннатта, иманы жолдас болсын. Топырағы торқа, рухы пейіште шалқысын.

Қош болыңыз, Аңыз Адам!
Смотрите также
Новость 1
01.01.2025
ПОДРОБНЕЕ
01.01.2025
Новость 2
ПОДРОБНЕЕ
Новость 3
01.01.2025
ПОДРОБНЕЕ
01.01.2025
Новость 4
ПОДРОБНЕЕ