Киностудия туралы ∘
ЖАҢАЛЫҚТАР

Аида Балаева, Мәдениет және ақпарат министрі: Мәдениет дау-дамайдың емес, тың идея мен ауызбірліктің алаңы болуы керек.

22.07.2025

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» жайлы Айқын ақпараттық порталының тілшісіне сұхбат берді.

– Құрметті Аида Ғалымқызы, ең алдымен сұхбатқа келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Бізде сізге қояр сауалдар аз емес. Алдымен кино саласына, оның ішінде аты аңызға айналған «Қазақфильмнің» қазіргі жай-күйіне тоқталсақ. «Қазақфильм дауы» қашанға дейін жалғаспақ?

– Расында, жасыратыны жоқ, қоғамда даңқты «Қазақфильмге» қатысты түрлі қауесет пен сыни пікір жиі айтылып жүр. Қоғамның алаңдаушылығын да, жанашыр көңілін де жақсы түсінеміз. Өйткені «Қазақфильм» – жай ғана киностудия емес, ол – қазақ киносының алтын бесігі, ұлт руханиятының шежіресі. Дегенмен негізсіз айып тағып, мәселені сан-саққа жүгіртудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселеге нүкте қойылатын кез келді.

Біріншіден, тағы да қайталап айтайын, біз «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқын қайта қалпына келтіріп қана қоймай, оның жаңаша дамуына, тұрақты өркендеуіне тікелей мүдделіміз. Бұл – жай уәде емес, нақты қадамдармен жүзеге асып жатқан ұзақмерзімді стратегиялық жұмыс. Осы жолда бар күш-жігерімізді салып, ештеңеден тайынбай, аянбай еңбек ете береміз.

Сондықтан нақты қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, біз заңға өзгеріс енгіздік. Заңнамалық деңгейде мемлекеттік кино­қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын «Қазақфильмге» бағытталатын тетік енгізілді. Бұл кино­сту­дияның жұмысын тұрақты әрі қаржылық тұрғыдан орнықты етуге мүмкіндік береді.

Аталған норманы іске асыру мақсатында биыл «Қазақфильмге» үш коммерциялық кино жобаны түсіруге 336 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінуде. Қазір киностудия келіссөздер жүргізе бастады.

Бұл жерде ескерер дүние, мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан бұл қаражат сараптаудан өткен, лайықты деп танылған туындыларға ғана бөлінеді. Сондай-ақ кино түсіруге ниетті азаматтар өз жобасы мен қаржысының белгілі бір пайызын, мысалы, 50 пайызын алып келсе, «Қазақфильм» қалған қаражатты бөліп, бірлесіп жұмыс істейді. Бұл ретте мемлекет қаржысының қайтарымы болуы үшін прокаттағы табысқа екі тарап та мүдделі болады.

Сонымен қатар былтырдан бастап киностудия ұлттық фильмдерді шетелде насихаттау, кино күндерін өткізу, «Еуразия» халықаралық кинофестивалін ұйымдастыру бағытында белсенді жұмыс істей бастады. Бұл – ұлттық киноның халықаралық кеңістікке шығуы үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар.

Тағы бір айта кетер жайт, 2024 жылы «Қазақфильм» соңғы жеті жылда алғаш рет өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетті. Бұл – қаржылық тәртіптің орнағанын, басқару сапасының жақсарғанын, яғни шығармашылық пен менеджмент ара­сындағы тепе-теңдік орныға бастағанын білдіреді.

– Бірақ басшылыққа қатысты да түрлі пікір айтылып жүр ғой...

– Менеджмент мәселесіне аз-кем тоқталып өтейін. Бұған дейін кино сала­сының мамандарымен, сондай-ақ Асанәлі Әшімов ағамен бұл мәселені кеңірек талқыладық. Сол кезде біз «Қазақфильмді» актер де, режиссер де емес, кәсіби менеджер басқаруы керек деген ортақ ойға келдік. Расында, бізге нақты нәтиже қажет.

Сондықтан қазіргі басшыны қазақ тілін жетік білмейді деп кінәлап, атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығару – орынсыз деп санаймын.

«Қазақфильм» киностудиясының басым бағыттарының бірі – киностудияны да­мытуға жеке инвестиция тарту. Соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілердің қолдауымен ішінара жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар Kinopark & Kinoplexx ки­но­театрлар желісінің қаржысы есебінен «Қазақфильм» аумағында жазғы кинотеатр салу және ғимараттың 1000 шаршы метрін жөндеу жоспарланып отыр.

Біз әр азаматтың пікірін құрметтейміз. Бірақ біздің ұстанымымыз – «сын шын болсын, шын сын болсын». Кейбір азаматтар айтып жүргендей, ешкім «Қазақфильмнің» жерін сатып жібермек емес. Біз отандық фильмдердің әр жетістігіне шын қуанып, оны бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде насихаттап келеміз.

Жалған жала, орынсыз байбалам мен негізсіз айыптаулар бізді ұшпаққа шы­ғар­майды. Керісінше, кино саласының өр­кен­деуін ойласақ, бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Кино – ұлттық кодтың көркем бей­­несі. Оны дамыту – тек мемлекеттің емес, бүкіл шығармашылық қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі. Егер біз ұлттық ки­ноны қолдаймыз десек, оның артында тұрған идея мен миссияны да бірге көтеруге тиіспіз.

Біз алғаш талдау жүргізген кезде киногерлердің басым бөлігі сапалы өнім шығаруға және оны насихаттауға мүдделі емес екенін айтқанымызда біраз адам ренжіді. Кей режиссерлер тіпті ашық қарсылық танытты.
Бізде қызық бір үрдіс бар. Жыл сайын ұлттық киноны қолдауға арналған питчингке қатысушылар саны өте көп. Бұл – бір жағынан жақсы. Демек, елімізде кино түсіруге ниетті жастар, шығармашылық идеясы бар азаматтар көбейіп келеді. Бұл – үміт пен сенімнің белгісі.

Алайда байқаудан өтпеген жағдайда наразылық танытып, іріктеу үдерісінің әділдігіне күмән келтіретіндер де бар. Тіпті, кейбіреулер «митингке шығамыз» дегенге дейін барады. Бұл – өкінішті жағдай. Өйткені мәдениет дау-дамайдың емес, тың идея мен ауызбірліктің алаңы болуы керек.
Біз мәдени бәсекелестікті саяси алаң­ға айналдырмауымыз керек. Шығармашы­лық – сенім мен жауапкершілікке негізде­луі керек.

Сонымен қатар айта кететін жайт – питчинг жүйесі қазір бұрынғыдай емес. Оның ашықтығы мен әділдігін арттыру мақсатында бірқатар жаңашыл қадам жасалып жатыр. Мәселен, сарапшылар құрамы жаңартылып, іріктеу критерийлері нақтыланды. Бұл – жүйенің жетілу жо­лындағы маңызды өзгерістердің бірі.

Бүгінде отандық кинематография даму кезеңін бастан өткеріп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға қарай кинопрокаттағы ұлттық фильмдердің үлесін 35%-ға дейін жеткізу көзделген.

2024 жылы мемлекеттік қаржыландыру аясында 16 ұлттық фильм прокатқа шықты, ал биыл 6 фильм жарыққа шықса, жылдың соңына дейін тағы 10-ға жуық картина көрерменге жол тартпақ.
Сонымен бірге елімізде прокатқа шығатын отандық және шетелдік фильмдерге прокаттау куәлігін беру бойынша қолда­ныстағы заңнаманы күшейту жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы алғанда, бізге кәсіби мәдениет жетіспейді. Сын да, пікір де, ұсыныс та кәсіби деңгейде айтылуға тиіс. Егер біз халықаралық деңгейде мойындалатын кино жасағымыз келсе, ең алдымен, өз ішімізде әділеттілікке, тәртіпке және ортақ жауапкершілікке үйренуіміз керек. Жеңілісті де, жеңісті де мәдениетпен қабылдау – шығармашылық адамға тән қасиет.

Бізге жаңа толқын, жаңа мазмұн қажет. Ол үшін шынайы талантты жастарға жол ашу – біздің міндетіміз. Аға буын ренжімесін, бірақ бүгінгі жастар аз қаражатпен үлкен тақырыптарды игеріп, жаңа өзгерістерге жол ашып келеді. Бұл – ұлттың жаңа көркемдік айнасы.
Олардың еңбегі беделді халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланып жүр. Демек, бізде әлеует бар. Ендігі мақсат – осы әлеуетті жүйелі түрде қолдап, оған жол ашу.

Ақпарат aikyn.kz сайтынан алынды
https://aikyn.kz/288091/aida-balaeva--m-deniet-zh-ne-ak-parat-ministri--m-deniet-dau-damaydyn--emes--tyn--ideya-men-auyzbirliktin--alan-y-boluy-kerek
Сондай-ақ қараңыз
Новость 1
01.01.2025
ТОЛЫҒЫРАҚ
01.01.2025
Новость 2
ТОЛЫҒЫРАҚ
Новость 3
01.01.2025
ТОЛЫҒЫРАҚ
01.01.2025
Новость 4
ТОЛЫҒЫРАҚ