Бұл туынды 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында орын алған ауыр оқиғаны баяндайды. Қару-жарақ дүкеніне жасалған қарулы шабуылдың салдарынан бірнеше бейбіт тұрғын мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қаза тапқан еді. Сол күні өз өмірін құрбан етіп, ондаған адамның өмірін сақтап қалған полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі халық жадында мәңгі сақталды.
Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы - Даурен Қамшыбаев. Басты рөлдерді Қазақстанның танымал актерлері - Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат және Самал Еслямова сомдайды.
Кеш ерекше рухани атмосферада өтті. Кинотеатрдың кіреберісінде қонақтарды қарауылдың сабаздары мен Алматы қаласы Полиция департаментінің ансамблі әуендері қарсы алды. Арнайы ұйымдастырылған «Алғыс кітабына» келген қонақтар батырдың отбасы мен фильм авторларына арналған жылы лебіздерін жазып қалдырды.
Фильм басталар алдында батырдың портреті салтанатты түрде караулдың сүйемелдеуімен сахнаға шығарылды.
Бұдан кейін қаһарманның рухына арналып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Көрсетілімге батырдың отбасы, әріптестері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, танымал тұлғалар, сондай-ақ ішкі істер органдарының өкілдері қатысты. Жалпы шараға 500-ге жуық адам жиналды.
Көрсетілім соңында фильмнің продюсері мен шығармашылық топ сахнаға шығып, көрерменге алғыстарын білдірді. Сондай-ақ Ғазиз Байтасовтың отбасын ортаға шақырып, зор құрмет көрсетілді.
Кеш соңында қонақтар батыр рухына тағзым етіп, фильм авторларына ізгі тілектерін жеткізді.