2026 жылдың 15 қыркүйегінде Корея Республикасының Сеул қаласында «Қазақ киносы күндері» өтіп, корей көрерменіне қазақ киносының бай әрі өзіндік әлемін таныстырды.
Мәдени шара аясында қазақстандық кинематографияның көрнекті туындылары – «Томирис», «Паралимпиадашы» және «Алматы, мен сені сүйемін» фильмдері көрермен назарына ұсынылды.
«Қазақ киносы күндері» қазақстандық кинематографистердің таңдаулы еңбектерін корей аудиториясына таныстырып қана қоймай, ұлттық кино өнерінің бүгінгі даму бағыттары мен өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге жол ашты.
Сонымен қатар, бұл жоба Қазақстан мен Корея Республикасының кино саласы өкілдері арасындағы кәсіби әрі мәдени байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Оразбайұлы Қырықбаев, Мәдениет комитетінің төрағасы Азамат Сайлауұлы Белқайыров, «Қазақфильм» киностудиясының президент міндетін атқарушы Айдар Оразбекұлы Омаров, «Қазақфильм» киностудиясының халықаралық ілгерілету бөлімінің басшысы Ольга Дмитриевна Хлащева, «Паралимпиадашы» фильмінің режиссер-қоюшысы, «Алматы, мен сені сүйемін» фильмінің қосалқы режиссері әрі сценарий авторы Алдияр Байрақымов, «Паралимпиадашы» фильмінің сценарий авторы Венера Қайыржанова және «Томирис» фильмінің актері Әділ Ахметов қатысты.
Шара барысында Корея мәдени қауымдастығының президенті Самуэль Чонг мырза да сөз қосты.
Бағдарлама аясында қазақстандық киноиндустрия өкілдері корей көрермендерімен кездесіп, шығармашылық пікір алмасты. Кездесулер барысында фильмдерді түсіру тәжірибесі сөз болып, қазіргі қазақстандық киноның даму үрдістері таныстырылды.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Корея Республикасының кино саласы өкілдері арасындағы алдағы шығармашылық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды.