Ш. Айманов атындағы «Қазахфильм» ұлттық киностудиясы биыл Францияның Канн қаласында өткен MIPCOM 2025 халықаралық телевизиялық нарығына қатысты. Іс-шара 13–16 қазан аралығында Palais des Festivals et des Congrès ғимаратында және оған іргелес аумақтарда өтті.
Киностудия павильонында «Қазахфильмнің» барлық фильмдері мен «Алтын қорындағы» үздік туындылар, сондай-ақ «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» тарапынан қаржыландырылған заманауи фильмдер ұсынылды. Көрермендер мен халықаралық серіктестер назарына көркем, деректі және анимациялық фильмдердің кең топтамасы таныстырылды.
Киностудия өкілдері қазақстандық кино және тележобаларды шетелдік дистрибьюторлар мен серіктестерге таныстырып, халықаралық ынтымақтастық орнату бағытында бірқатар келіссөздер жүргізді. Бұл қадам - отандық контенттің әлемдік нарықтағы көрінісін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан маңызды бастама болды.
MIPCOM - теледидар, стриминг және цифрлық контент индустриясына арналған әлемдегі ең ірі кәсіби алаңдардың бірі. Биылғы шараға 107 елден
10 600-ден астам қатысушы келді. Ең көп өкілдері бар мемлекеттер қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Канада, Испания және Италия бар.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл Каннға 3 340-қа жуық контент сатып алушы келіп, жаңа серіктестермен кездесіп, бірқатар бірлескен жобаларды талқылады. Кинонарық аясында 350-ден астам компания өз өнімдерін ұсынды, олардың ішінде 88 компания алғаш рет қатысып отыр.