3 қазанда Астана қаласында өткен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы мен «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің өкілдері цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және креативті индустрияларды дамыту мәселелеріне арналған панельдік сессияларға қатысты.
Форум аясында «Цифрлық тұтыну: ЖИ мультфильмдері мен балалар киносы болашақ ұрпақты қалай қалыптастырады?» тақырыбында панельдік сессия өтті. Талқылауға киностудияның президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Айкен Джамбулова қатысты.
Сессия барысында цифрлық ортада балаларға арналған контенттің сапасы мен мазмұны, жасанды интеллект технологияларының кино және анимация өндірісіне ықпалы, сондай-ақ ұлттық аудиовизуалды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды. Қатысушылар нейрожелілерді шығармашылық үдеріске енгізудің жаңа мүмкіндіктеріне, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін сапалы әрі қауіпсіз балалар контентін қалыптастырудың маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекші маманы Айнұр Исаева «Креатив экономикасы: Шығармашылықтың бизнеске айналуы» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты. Талқылау барысында шығармашылық жобалардың коммерциялық әлеуеті, жаңа бизнес-модельдерді қалыптастыру және креативті индустриялардың экономикалық дамуға қосатын үлесі қарастырылды.
Панельдік сессиялардың модераторлары Жанар Жақанова мен Малика Игбаева болды.
«Қазақфильм» мен «Қазақанимация» өкілдерінің халықаралық форумға қатысуы киноиндустрия, цифрлық технологиялар және креативті бизнес арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ отандық кино мен анимация саласын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға ықпал етті.