Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі түсірген «Шаңырақ» және «Унисон» анимациялық фильмдері Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен Toondook International Animation Festival халықаралық анимациялық кинофестивалінде жүлделі орындарға ие болды.
9–11 қазан аралығында өткен фестивальде «Орталық Азияның үздік қысқаметражды анимациялық фильмі» аталымы бойынша режиссер Мадина Тәжбағамбетованың «Шаңырақ» туындысы бірінші орынды, ал режиссер Мансұр Айымбетовтың «Унисон» фильмі үшінші орынды иеленді.
«Шаңырақ» анимациялық фильмі киіз үй тұрғызу оқиғасы арқылы бірлік, өзара қолдау мен ынтымақтың маңызын көрсетеді. Ал «Унисон» туындысында ержүрек жауынгер қызға деген махаббат пен өмірлік таңдау тақырыбы қозғалады.
Екі фильм де жас режиссерлердің дебюттік жұмыстары болып табылады.
Қазақстандық анимациялық туындылардың халықаралық фестивальде жүлделі орындарға ие болуы – отандық анимация саласының шығармашылық әлеуетін танытып, жас кинематографистердің еңбегін халықаралық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік беретін маңызды жетістік.