Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы 10–13 қазан аралығында Корея Республикасының Пусан қаласында өткен Asian Contents & Film Market (ACFM) 2026 халықаралық кинонарығына қатысты.
Asian Contents & Film Market (ACFM) – киноиндустрия өкілдерін, дистрибьюторлар мен аудиовизуалды контент өндірушілерін біріктіретін халықаралық алаң.
Іс-шараға киностудия атынан Мадина Нусипбекова мен Асем Рамазанова қатысты. Кинонарық аясында Оңтүстік Корея, Моңғолия, Үндістан, Швеция, АҚШ, Ресей және Қырғызстан киноиндустриясының өкілдерімен іскерлік кездесулер өтті.
Үндістанның Ramoji Film City киностудиясы бірлесіп комедиялық фильм түсіруге қызығушылық білдірді. Tribeca және Мәскеу халықаралық кинофестивальдерінің өкілдері жаңа қазақстандық фильмдерді фестиваль бағдарламаларына енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін олардың материалдарын сұратты.
Bök Content және Sunrise Media Group компаниялары, сондай-ақ Asiatiska Film Festival өкілдері қазақстандық фильмдер мен анимациялық туындыларды көрсету құқықтарын сатып алуға қызығушылық танытты.
Сонымен қатар шетелдік серіктестер киножобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстандағы түсірілім орындары мен «Қазақфильм» киностудиясының өндірістік мүмкіндіктерін пайдалануға қызығушылық білдірді.
ACFM 2026 кинонарығына қатысу халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен кинөндірісті жолға қоюға, отандық фильмдерді шетелдік нарықтарға ілгерілетуге және олардың халықаралық кинофестивальдердегі қатысу аясын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.