«Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» Қытайдың Сиань қаласында 20–22 қыркүйек аралығында өткен Жібек жолының үздік фильмдерін алмасу және ілгерілету жөніндегі іс-шараға қатысты. Аталған іс-шара Жібек жолы халықаралық кинофестивалінің 13-ші шығарылымы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында «Қазақфильм» өкілдері халықаралық кино нарығының қатысушыларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, бірлескен фильмдер өндіру, кинотуындыларды прокатқа шығару және тарату, сондай-ақ кәсіби ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Маңызды кездесулердің бірі Shaanxi Xiying Digital Media Technology Co., Ltd. компаниясының бас директоры Вэнь Ваньлянмен өтті.
Кездесу барысында «Қазақфильм» өкілдеріне заманауи кино өндірісіндегі технологиялық мүмкіндіктер таныстырылды. Атап айтқанда, жасанды интеллект (AI), кеңейтілген шындық (XR), виртуалды өндіріс және роботтандыру технологияларының мүмкіндіктері көрсетілді.
Тараптар кино өндірісіне заманауи технологиялық шешімдерді енгізу, тәжірибе алмасу және алдағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
«Қазақфильмнің» Сиань қаласында өткен халықаралық іс-шараға қатысуы отандық киноны халықаралық аренада ілгерілетуге, кәсіби байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан мен Қытайдың кино саласы өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
Мұндай халықаралық алаңдар қазақстандық киноиндустрияның өндірістік және технологиялық әлеуетін таныстыруға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және бірлескен киножобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді.