«KÖLENKE» (18+) анимациялық фильмі АҚШ-тың Портленд қаласында өткен беделді PFCAT (Portland Festival of Cinema, Animation & Technology) халықаралық фестивалінде хоррор-анимация жанры бойынша қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
Туынды «өзгеше көзқарас пен шығармашылық шеберлігі» үшін жоғары бағаланып, фестивальдің арнайы марапатына лайық деп танылды. Қазылар алқасы фильмнің өзіндік авторлық қолтаңбасы мен бірегей көркемдік эстетикасына назар аударды.
Бұл жүлде қазақстандық анимацияның халықаралық фестивальдердегі жетістігін арттырып, отандық анимациялық жобалардың әлемдік деңгейдегі шығармашылық әлеуетін таныта түсті.
«KÖLENKE» жобасының визуалды әлемін қалыптастыруға үлес қосқан негізгі шығармашылық топ:
Сценарий авторы: Ернар Тілеубаев
Қоюшы режиссері: Мақсат Аяпов
Қоюшы суретшісі: Даир Жиенқұлов
Атқарушы продюсері: Нұржігіт Сұлтанберді
Фильмнің фестивальдегі жетістігі – бұл түсірілім тобы мен «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Жоба авторларының кәсібилігі мен шығармашылық ізденісі қазақстандық анимацияны халықаралық аудиторияға танытуға мүмкіндік берді.
Айта кетелік, аталған фестивальге KÖLEÑKEмен қатар, «Қазақанимацияның» екі бірдей туындысы «Su perisi» фолк-хорроры мен «Shańyraq» драмасы негізгі номинацияда бақ сынап, халықаралық көрерменге алғаш рет көрсетілді.
Portland Festival of Cinema, Animation & Technology – кино мен анимациядағы тың визуалды тәсілдерді сараптайтын бірегей алаң. Биылғы фестиваль 2026 жылдың 18 мен 23 тамызы аралығында АҚШ-тың Портленд қаласында өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы АҚ қарасты «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жыл сайын оннан астам қысқаметражды және сериялы пилоттық анимациялық фильмдерді жасап шығарады.