Қазақстандық анимацияның халықаралық жетістігі отандық бұқаралық ақпарат құралдарының назарында.
Портленд қаласында өткен Portland Festival of Cinema, Animation & Technology фестивалінде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің «Köleñke» анимациялық фильмі хоррор-анимация жанры бойынша «өзгеше көзқарас пен шығармашылық шеберлік» үшін The DarkCat Award арнайы жүлдесіне ие болды.
Осы жетістік туралы отандық басылымдардың бірі арнайы материал жариялап, қазақстандық анимацияның халықаралық фестивальдердегі жетістігін атап өтті. Мақалада фильмнің өзіндік визуалды тілі, эстетикасы және оқиғаны жеткізудегі тосын тәсілдеріне ерекше назар аударылған.
Басылым «Köleñke» жобасымен қатар «Қазақанимацияның» «Superisi» және «Shańyraq» туындыларының да фестиваль бағдарламасына қатысқанын атап өткен.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының құрамындағы «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жыл сайын отандық анимация саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асырып келеді.