Грек Республикасының астанасы Афинада Қазақ киносы күндерінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ұйымдастырды. Фестиваль Қазақстанның Грекиядағы Елшілігі мен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» акционерлік қоғамының қолдауымен жүзеге асырылды.
Бағдарламаға еліміздің тарихын, мәдениетін және батырларын арқау еткен культтік және заманауи фильмдер енгізілді. Фестивальдің ашылуы ұлы сақ патшайымы, еркіндік пен рух күшінің символына айналған тұлға туралы баяндайтын тарихи драма «Томирис» фильмінің көрсетілімімен басталды.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Грекиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тимур Сұлтанғожин
Грекия Мәдениет министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Джордж Каланзис
«Қазақфильм» киностудиясының өкілі Күләш Жұмаханова құттықтау сөз сөйледі.
Қонақтар екі ел арасындағы мәдени алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Мұндай байланыстар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудың маңызды құралы саналады.
Фестиваль 28 мамырға дейін жалғасады. Афина жұртшылығы назарына ұсынылатын туындылар қатарында:
аңызға айналған вокалды-аспапты ансамбль туралы фильм — «Дос-Мұқасан»;
бірнеше буын көрерменнің сүйікті фильміне айналған қазақ киносының классикасы «Менің атым Қожа». Аталған туынды «ҚР киноколлекциясын цифрландыру және қалпына келтіру» мемлекеттік тапсырмасы аясында «Қазақфильм» киностудиясының өндірістік-техникалық базасында реставрациядан өтті.
Көрсетілімдерден кейінгі шығармашылық кездесулерге «Томирис» фильмінің актері Әділ Ахметов, «Дос-Мұқасан» фильмінің режиссері Айдын Сахаман, грек киноөндірісі өкілдері, студенттер, БАҚ және Грекияда тұратын қазақстандықтар қатысты.
Фестивальдің алғашқы екі күнінде шамамен 400 көрермен фильмдерді тамашалады. Афина тұрғындары мен қала қонақтары көрсетілімдерге жоғары баға беріп, фильмдердің мазмұны мен сапасына тәнті болды. «Томирис» фильміне ерекше қызығушылық танытылды — Грекия аумағында прокатқа шығару бойынша әлеуетті дистрибьюторлармен келіссөздер басталды.
Қазақ киносы күндері Афинаның мәдени өмірінде жарқын оқиғаға айналып, Қазақстан мен Грекия арасындағы мәдени ынтымақтастықтың өзектілігі мен маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.